Қазақстан Президенті «Turkistan» газетіне ауқымды сұхбат берді. Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы дәстүрге сай қаңтардың басында БАҚ өкілімен кездесуде өткен жылды қорытындылап, 2026 жылғы негізгі міндеттердің бағыт-бағдарын айқындады. Былтыр ел экономикасы 6% астам өсім көрсетті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Алайда жетістіктерге тоқмейілсіп отыруға болмайды. Президент биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек деді. Сонымен қатар, еліміз үшін көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызы бар міндет. Осы орайда Қазақстанды Еуразияның көлік айлағы ретінде қалыптастыру – бұл салада атқарылатын жұмыстың басты бағыты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз ел шекарасынан тыс жерді де қамтитын кең ауқымды көлік жүйесін құра алдық. Қазақстан мұхит жолдарынан тысқары тұрса да, Сары теңіз бен Қара теңіздің арасында жүк терминалдарының желісін қалыптастырды. Еліміздің аумағы арқылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі, атап айтқанда, 5 темір жол, 7 автокөлік дәлізі бар. Қытай мен Еуропа арасында құрлықпен жеткізілетін жүктің шамамен 85 пайызы осы жолдармен тасымалданады. Әрине, мұның бәрі – табысқа оп-оңай жете қоямыз деген сөз емес. Бұл саладағы бәсеке күшейіп келеді. Себебі көлік және логистика мәселесі геосаясаттың ажырамас бөлігіне айналды. Осы тақырып жоғары деңгейдегі келіссөздердің күн тәртібіне біржола енді. Сондықтан, Қазақстан үшін де оның айрықша маңызы бар.
2026 жыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент конституциялық реформаға қатысты референдум өтетінін алдын ала айтты. Қазір сарапшылар тобы Ата заңымыздың редакциясына қатысты ұсыныстар енгізген. Жоспарланған өзгерістер көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз деуге болады, - деді мемлекет басшысы. 35 жылдық Тәуелсіздіктің жемісі ретінде жаңа жоспарлар әзірленіп, экономикалық реформалар жалғасын табады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл көп жұмыс істеуіміз қажет екенін айтып өттім. Осы жылы ауқымды саяси өзгерістердің жаңа кезеңі басталады, экономикалық реформалар жалғасын табады. Еліміз жаңғыру жолына біржола түсіп, қоғамымыздың болмысы мен бет-бейнесін түбегейлі өзгертуге тиіс. Азаматтарымыз жаңа дәуірге бейімделуі қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Бірақ, халқымыз, соның ішінде жастарымыз алмайтын асу жоқ. Бұған кәміл сенемін. Мен осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладым. Бұл еліміз үшін тарихи мүмкіндік екенін жаңа ғана айтып өттік. Түбегейлі цифрлық өзгерістер жасап, жасанды интеллектіні енгізу экономиканың және басқа да көптеген саланың дамуына тың серпін береді. Мемлекетті басқарудан бастап, білім беру және денсаулық сақтау саласына дейін – барлық бағытта өсіп-өркендеуге жол ашады.
Мемлекет басшысы өзінің белсенді сыртқы саяси қызметі
туралы сұраққа да жауап берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, сыртқы саясатқа қатысты жоғары
деңгейдегі іс-шаралардың көптігі Қазақстанның абырой-беделі өсіп, халықаралық
құқық субъектісі ретіндегі рөлі арта түскенін көрсетеді. Әрбір келіссөздің
артында нақты экономикалық көрсеткіштер тұр. Осылайша, еліміз былтыр жалпы құны
70 миллиард доллардан асатын құжаттарға қол қойды. Қазақстан Еуразия кіндігінде
орналасқан ел ретінде, жаһандық үдерістен сырт қалмайды. Елдің халықаралық
қатынастағы негізгі мәселелерге қатысты өз көзқарасы мен нақты ұстанымы бар.

