Сарапшылар Ресей президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарының нәтижесін талқылауда. Олар келсілген уағдаластықтар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің нәтижелігін және Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының тарихындағы маңызды кезеңді айғақтайтынын атап өтті. Қос тарап басшылары көпқырлы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша бірнеше салмақты құжаттарға қол қойды.
Еркін Тұқымов, ҚР Президенті жанындағы қазақстандық стратегиялық зерттеулер
институтының директоры:
- Екі елдің үкіметтері бұл сапарға ұзақ уақыт дайындалды. Күн тәртібінде
стратегиялық әріптестікті тереңдету, энергетика, көлік, гуманитарлық салалар, бізде
және Ресейде қазақ мектептерін, сонымен қатар университеттердің филиалдарын ашу
туралы көптеген құжаттар қаралды. Бұл өте ұзақ жұмыс, сондықтан сапар сәтті
өтті деп санаймын. Бұл екіжақты қарым-қатынастың болашағына үлкен серпін
береді.
Ресейлік
сарапшылардың пікірінше, елдер арасындағы тату көршілік қарым-қатынас түрлі
салаларда табысты кооперация құруға мүмкіндік берді. Сауда-экономикалық,
энергетикалық, су салаларында үлкен перспективалар ашылуда. Тараптардың назары
мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды тереңдетуге де бағытталған.
Станислав Притчин, РҒА әлемдік экономика және халықаралық қатынастар
институтының Орталық Азия бөлімінің меңгерушісі:
- Мемлекеттік сапар өте жемісті болды. Мен қандай да бір келісімді бөліп көрсетпес едім. Өйткені олардың барлығы екіжақты күн тәртібінде қаралған мәселелердің барлығын қамтиды. Энергетика саласы тағы да ең серпінді бағыттардың бірі болып табылады. Бізде Қазақстан мұнайының Ресей аумағымен Атырау және Самара екі құбыр желісі арқылы транзиті бойынша да өзара іс-қимыл бар. Қазір біз газ тасымалдау жүйесі бойынша ынтымақтастықты кеңейтудеміз. Оның үстіне ол да жеткілікті түрде жүйелі жұмыс істейді. Бұл Қазақстан аумағы арқылы газ транзиті ғана емес, сонымен қатар газ тарату желілерін дамытуға сеп болады.
Әсел
Күшенғалиева

