Қазақстан Еуразия өңірінің басым бөлігі үшін орталық цифрлық хабқа айналуы мүмкін. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді. Мемлекет басшысының пікірінше, ұлттық компаниялар отандық ІТ-қоғамдастықпен өзара әрекет жасауы тиіс. Бұдан басқа, өзіміздің орасан зор ақпараттық-телекоммуникациялық әлеуетімізді іске асыра отырып, көрші республикаларға қызмет көрсететін деректерді өңдеудің заманауи орталықтарын құру қажет. Президент жаңа цифрлық дәуірде оның геосаяси маңызға ие болатынына сенімді екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлттық компаниялар ІТ-қауымдастықпен өзара қарым-қатынас жасайтын платформа құруымыз қажет. Квазимемлекеттік сектордың цифрлық қажеттілігі мен сұранысы барынша отандық компаниялардың күшімен қамтамасыз етілуге тиіс. Қазақстан Еуразия өңірінің басым бөлігі үшін орталық цифрлық хабқа айналуға тиіс. Осы міндетті орындау үшін кадрлық әлеуетімізді күшейтуіміз керек. Премьер-Министр маған өз ұсыныстарын берсін.
Авторы: Гүлбану Тәжібек