Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғанын тіркеді. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров кезектен тыс Президент сайлауының түпкілікті нәтижесін жариялады. Қасым-жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81 пайыздан астамының сеніміне ие болды. Оған 6 млн астам сайлаушы өз дауысын берген.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы
- Қазақстан Республикасының сайлау туралы конституциялық заңның 9-шы бабының 1-ші тармағына, 65-ші бабына сәйкес дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50%-нен астамының даусын алған кандидат республика президенті болып саналады. Сонымен Орталық сайлау комиссиясы халық сайлаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының президенті ретінде тіркеді және заңнамада белгіленген тәртіппен сайланған Мемлекет басшысына тиісті куәлік тапсырылады.
Орталық сайлау комиссиясы Президент инаугурациясы өтетін күнді жария етті. Ұлықтау рәсімі 26 қарашаға белгіленді.