Сарапшылар Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынасты дамыту әлеуетін талқылады

Қазақстан мен Оңтүстік Корея экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуда ынтымақтасуға ниетті. Таңғы шық елі жаңа технологиялық шешімдерді қолдану саласында жинақталған тәжірибесімен бөлісуге дайын. Тараптардың бұл бағытта әріптестік аясы кеңейіп келеді. Мәселен, Кореяның KIGAM геологиялық зерттеулер институты Қазақстанның шығысындағы жер қойнауын барлау жұмыстарына қатысады. Кореялық әріптестердің қолдауы арқылы тұтас салалық кластер құру ғана емес, тау-кен саласы мамандарының біліктілігін арттыру да жоспарлануда. Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі бірлескен жоспарлары туралы айтты. Чжо Тэ-Ик және екі елдің сарапшылары мен саясаттанушылары Астанада серіктестік перспективаларын талқылады. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан Кореяның Орталық Азия өңіріндегі ең маңызды сауда серіктесі болып қала береді. Ынтымақтастықтың 32 жылында Таңғы шық елі Қазақстан экономикасына шамамен 4 жарым миллиард доллар инвестиция бағыттаған. Алда Корея өзге де Орталық Азия елдерімен серіктестік көкжиегін ұлғайтуға мүдделі. Бұған келесі жылға жоспарланған «Орталық Азия - Оңтүстік Корея» саммиті де ықпал етеді,- деп атап өтті сарапшылар.

Айдар Құрмашев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы:

- Қазақстанда Оңтүстік Корея үздік 5 инвестор елдің қатарына кіреді. Біздің республикамызға құйылатын жалпы инвестициялар көлемі  коммерциялық жобалармен қатар  адами капиталды дамыту үшін де салынады. Біз кәсіби сараптама жасай алуымыз керек. Яғни, Қазақстан экономикасы үшін бұның бәрінің мультипликативті әсері болуы керек. Мәселен өзімізде көліктерге арналған құрал-саймандар өндірілуі тиіс.

Чжо Тэ-Ик, Кореяның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Біздің елдеріміздің экономикалары бірін-бірі толықтырып тұрады деп айтуға толық негіз бар. Болашақта мен өзара экономикалық ынтымақтастық үшін үлкен әлеуетті көріп отырмын. Тараптардың жан-жақты серіктестігі қарқын қала түсті.  Мәдени-гуманитарлық байланыс да тереңдеп келеді.  Елдеріміздің мәдениеті мен дәстүрлері ұқсас. Қазір Қазақстанда 120 мыңнан астам этникалық кәріс өмір сүріп жатыр. Олар қарым-қатынастарымызды дамытуда көпір деуге болады.