Сенаторлар екі оқылымда «Қоғамдық бақылау туралы» заңын мақұлдады

Сенаторлар екі оқылымда «Қоғамдық бақылау туралы» заңын мақұлдады

Қазақстанда петиция институты заңдастырылды. Ел парламентінің жоғары палатасы екі оқылымда «Қоғамдық бақылау туралы» заңы мен ілеспе құжатты мақұлдады. Құжат азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын және елдегі нысандардың қызметінің қоғам алдында ашықтығын қамтамасыз етуді көздейді. Сенаторлардың айтуынша, азаматтардың петициясын мемлекеттік органдар қарау үшін басқару деңгейіне байланысты екі жарым мыңнан 50 мың адамға дейін қол қою қажет. Бұған қоса заң қоғамдық бақылау объектісі мен субъектісі деген ұғымдарды анықтайды. Соңғылары топ құруға, сарапшылар тартуға, ақпарат сұратуға және қоғамдық бақылау нысандарының қызметі мен әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға құқылы.

Данияр Қадыров, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
- Қоғамдық бақылаудың түрлері бар. Бұл қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау мен қоғамдық сараптама. Конституцияға сәйкес осы аталған үш үрдіске де  ел азаматтары қатыса алады. Мұндағы әрбір азамат пен қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің әрекеті регламенттеледі. Субъектілерге азаматтар, коммерциялық емес және басқа да  ұйымдар жатады.  Нысандарға орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор және түрлі қызметтерді орындайтын органдар, мемлекеттік емханалар, мектептер және басқада осы текті объектілер кіреді.