Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқанда Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына қатысады. Өзбекстанға 15 елдің басшылары жиналады, оның сегізі ұйымның тұрақты мүшелері болса, қалғандары бақылаушы мемлекеттердің жетекшілері және шақырылған қатысушылар тағы бар. Самарқан саммитінің аясында ұйым қызметін нығайту және құрамын кеңейту бойынша маңызды шешімдер қабылданбақ. Еске салсақ, мұның алдында Душанбеде өткен Кеңес отырысында Шанхай ынтымақтастық ұйымының толыққанды мүшесі ретінде Иран елін қабылдау үдерісін бастау туралы шешім қабылданған еді. Бүгінде аталған ислам республикасы бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие. Жақында Беларусь елі де бақылаушы атануы ықтимал.
Чжан Мин, ШЫҰ Бас Хатшысы:
– Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше атануға көптеген елдер қызығушылық танытып отыр. Қандай мәртебеде болсын. Бұл ретте біз әрқашан ашықпыз.
Саммитте талқыланатын басты тақырыптардың бірі – санкциялардың ұйым мүшелеріне әсері. Қауіпсіздік мәселелері де қаралады.
Чжан Мин, ШЫҰ Бас Хатшысы:
– Әлемдегі ахуалға байланысты Ұйымның алдында ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерге қарсы тұру міндеті тұр. Сыртқы қатерлерге халықаралық геосаяси мәселелерді жатқызуға болады. Бұл – азық-түлік, энергетикалық тізбектердегі іркілістер, ақпараттық қауіпсіздік, климаттық өзгерістер.
Сарапшылар Самарқан саммиті ұйымға мүше мемлекеттер ынтымақтастығының жаңа кезеңін бастап, өзара тиімді қарым-қатынастарды тереңдете түсуге тың серпін береді деген пікір айтып отыр.