2026 жылға қарай геологиялық барланған жер көлемін 1,5 жарым млн-нан 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту. Ел Президенті өткен аптада халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке осындай тапсырма жүктеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл отандық экономиканың өсу қарқынына тың серпін бермек. Жер қойнауын зерттеу елге қосымша табыс көздерін ашады. Сондықтан Мемлекет басшысы осы бағытқа басымдық беруді жөн деп санайды. Бұл айтылғанның жаны бар, - дейді, мамандар. Өңдеуші өнеркәсіп – ел дамуының қозғаушы күші. Саланы жетілдіру үшін геологиялық барлау бағытында тың бастамалар нақты іске асуы тиіс.
Ернар Серік, Экономикалық зерттеулер
институтының сауда саясатын дамыту орталығының директоры:
-Соңғы 5-6 жылдың
ішінде геологиялық барлау жұмыстарына көлемі төмендеп кеткені
байқалады. Мәселен, 2005-2014 жылдарға дейін жер қойнауын зерттеу жұмыстарына
жыл сайын 4-5 млрд доллар инвестиция құйылса, соңғы уақытта оның көлемі небәрі 200-300
млн долларды құрайды. Сондықтан да Қазақстанға осы бағытта, әсіресе сирек
кездесетін металдарды табуға инвесторларды тарту өте маңызды. Себебі бұл пайдалы қазбаларды экономикамыздың
одан әрі дамуына үлес қосатын екінші мұнай деп санауға болады.
Еліміздің өңдеу саласына қаржы салуға ниетті инвесторларды үш жылға түрлі салықтардан босату. Экономистердің пайымынша, Президенттің инвесторлар үшін осы және өзге де икемді әрі реттеуші қолайлы жағдайлар мен жеңілдіктер жасау ұсынысы жалпы саланың әлеуетін арттырып, елге аса ірі көлемде жеке капитал тартуға үлкен септігін тигізбек.
Ерділда Таутенов, Экономикалық
зерттеулер институтының макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығының
директоры:
-Бізде ең алдымен салық жүйесінің тұрақтылығын сақтауға көңіл бөлу керек. Кез-келген инвестор белгілі бір елдің экономикасына енгісі келсе, міндетті түрде сол мемлекеттің салық жүйесін зерттейді. Ол үшін салық саясаты аса маңызды. Ол барынша тартымды болуы керек. Егер қарапайым сөзбен айтсақ, Үкімет пен инвестор өзара тиімді болатын ұзақ мерзімді келісім-шарт жасасады. Өйткені ірі жобаларды іске асыру мерзімі 10 жыл немесе одан да ұзақ созылуы мүмкін. Сондықтан оларды ең алдымен салықтық жеңілдіктер қызықтырады.