Қазақстанда электрокарларға арналған инфрақұрылым дамиды

Қазақстанда 2024 жылдың алғашқы 6 айында былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда электромобильдер 30% көп әкелінді. Нақтырақ айтсақ, былтыр жарты жылда 3016 темір тұлпар елге кірсе, биыл 3895 көлік тіркелді. Бұндай «жасыл технологияларға» негізделген автомобильдер өздігінен жанатын қозғалтқышты көліктерге қарағанда әлдеқайда тиімдірек, - дейді мамандар. 2023 жылдан бері елімізге электромобильдерді кіргізу кеден және импорттық салықтардан босатылған. Оған нөлдік коэффициент мәртебесі берілгендіктен утиль алым да төленбейді. Дегенмен, жеке тұлға жеңілдетілген шарттармен Қазақстанға шетелден тек бір электрокар кіргізе алады. Бұл үшін бар болғаны мемлекеттік тіркеу үшін ақы төлеу керек.


Ербол Арынов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Кедендік әкімшілендіру департаментінің директоры:


– Бүгінде жеңілдетілген тәртіппен елімізге электрокарларды кіргізудің бірнеше жолы бар. Осылайша, кеден декларациясы бойынша 6 айда 3590 көлік кіргізілді. Одан басқа да Қазақстанға көлік кіргізудің жолдары бар. Егер, импортерыңыз Қазақстан азаматы болса, жай ғана тауарлық декларация бойынша кіргізеді. Ол кезде 15%-тік БАЖ салығы алынбайды. Тек 12 процент төленеді. Ал, оны ары қарай сатуды көздеп, әкелген жағдайда ғана, 15% БАЖ салығын төлеуге тура келеді.


Одан бөлек, электронды темір тұлпар иелерінде бұдан басқа да басымдықтар болады. Олардың барлығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заң түзетулерінде белгіленген. Мәселен, электромобиль иелері 18 қыркүйектен бастап тұрақ үшін ақы төлемейді. Сонымен қатар, қуаттау станцияларын тұраққа орнатуға да рұқсат берілді. Осы шаралардың барлығы, сарапшылардың пікірінше, электрокарлардың елімізде көбеюіне зор серпіліс береді.


Ербол Арынов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Кедендік әкімшілендіру департаментінің директоры:


– Біз осындай электронды қозғалтқышты көліктерді елімізге кіргізу үрдісі белең алғанын көріп жүрміз. Сондықтан, адамдардың  темір тұлпарларға қатысты таңдауы да өзгерді. Одан бөлек, электромобильдерді шығаратын брендтердің да қатары жыл өткен сайын толығып келе жатыр. Жақын арада, көпшілігі жанар-жағармаймен жүретін көлік шығарудан бас тартады. Бұл тенденция болашақта арта береді. Өз кезегінде, экологияны қорғау жағынан да жақсы үрдіс.


Айта кетейік, салалық ведомство мәліметінше, Қазақстанда электронды қуаттау станцияларының саны 350-ге жетті. Жақын арада тағы 200-ін орнату жоспарлануда.