Қазақстанда биыл ғылымды дамытуға 252,5 млрд теңге бөлінді. Бұл ретте соңғы 6 жыл ішінде оның көлемі 6 есеге ұлғайғанын айта кету керек. Бұған қоса, аталған саланы 2029 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасына сәйкес қаржыландыру мөлшері жалпы ішкі өнімнің 1%-ке дейін артпақ. Жастардың ел ғылымындағы үлесі айтарлықтай өсіп, бүгінде ол 46%-ті құрап отыр. Олар жыл сайын әлемнің жеткші ғылыми орталықтарында тағлымдамадан өтеді. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Қазақстанның Премьер-Министрі мәлімдеді. Ол жаңадан ашылып жатқан шетелдік университеттердің филиалдары елімізді жаһандық академиялық қоғамдастыққа интеграциялау ісінде маңызды рөл атқаруы тиіс екенін атап өтті. Олжас Бектенов салалық министрлікке оларды тарту жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Үкімет басшысының пікірінше, зерттеушілікке негізделген аумақтар мен ғылыми қалашықтардың құрылуы технологиялар мен инновацияның дамуына тың серпін береді. Жалпы бүгінде жобалардың ел экономикасына қосқан үлесі 118 млрд теңгеден асты. 2016-шы жылдан бері елімізде ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға арналған 6 конкурс өткізілді. Қазіргі уақытта 208 жоба іске асуда, оның 25 экспортқа шықты. Ал, 6-уы 1 млрд теңгеден астам сату көлеміне жетті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Ғылым технологиясы жоғары, экспортқа бағдарланған жаңа кәсіпорындар ашуға өз үлесін қосуға тиіс. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейін арттырған жөн. Өндірістерді оқшаулау, экспорттық өнім шығарудың жаңа технологияларын әзірлеу барысында бизнеске қолдау көрсету керек. Әрбір институттың немесе жоғары оқу орнының ірі кәсіпорындардан өз серіктесі болуға тиіс. Олар оқу орнына нысаналы тапсырыстар беріп, шығыстарды бірлесіп қаржыландыруы керек. Бизнестің ғылымға инвестиция салуын ынталандыру үшін 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап салық жеңілдіктері енгізілді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

