Қазақстандық әнші Рухия Байдүкенова Витебскіде өткен «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. БелТа басылымының хабарлауынша, жас орындаушылар байқауының бас жүлдесіне қызу талас болған. Екінші турда вокалшылар Беларусь Президенттік оркестрінің сүйемелдеуімен славян хиттарын орындады. Қызу тартыста Қазақстан өкілі Рухия Байдүкенова қарсыластарынан басым түсті. Үздік орындаушыға бас жүлдені қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко табыс етті.
Айта кетейік, өнер додасында бірінші орынды Сербиядан келген Ирина Арсениевич, екінші орынды украиналық Рената Штифель мен Даниил Мышковец иеленді. Үшінші орын словакиялық Иванна мен Әзербайжандық Тофик Гаджиевке бұйырды.