Қазақстанның зергерлік бұйымдары шетелдіктердің сұранысына ие. Әсіресе сырт елдің азаматтары ұлттық нақыштағы сәндік қолданбалы туындыларға қызығады дейді, отандық шебер Берік Әлібай. Ол Халықаралық Карл Фаберже орденінің иегері. Оның қолынан шыққан туындылар талай елде жоғары бағаланған. Қазір зергер өз үйінен музей ашып, халқымыздың құнды этнографиялық жәдігерлерін сақтап отыр.
Берік Әлібай, зергер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Карл фаберже орденінің иегері:
- Шетелдіктер аузын ашып, не деген ұлы халық деп таңғалады. Шетелден келетін қаншама қонақтар бар, қаншама делегациялар бар. Бәрі қазақтың этнографиясын көргісі келеді, бұрынғы өмірімен танысқысы келеді, қандай ұлт екенін, тұтынған бұйымдары қандай болғанын көргісі келеді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, былтыр еліміз 8 млн астам долларға 200 келі зергерлік бұйым экспорттаған. Қазақстан күміс қоры бойынша екінші орында, ал алтын қоры бойынша алғашқы ондықта. Яғни, бұл саланы дамытудың әлеуеті зор. Отандық зергерлік бұйымдар өндірісі Креативті индустрия тізіміне енген. Сондай-ақ, елімізде зергерлік бұйымдарды цифрлық таңбалау қағидасы ендірілмек. Шеберлерге де ата кәсіпті жетілдіру үшін жағдайлар жасалынуда.
Мөлдір Топанова, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басқармасының бас сарапшысы:
- Министрлік осы саланың дамуы үшін Тау-кен алтын
кәсіпорнынан зергерлік бұйымдар шығаратын өндірушілерге жылына 300 килограмм
квота белгіленді. Осы квота аясында 2023-ші жылдан бастап зергерлік бұйымдарды
шығаратын өндірушілер қосалқы құн салығынан да алынды. Ішкі нарықта күмістен
жасалған зергерлік бұйымдарды сынама бедерінсіз сатуға болады. Қазіргі уақытта
министрлік алтынды сатып алу кезінде отандық өндірушілер үшін төлемді бөліп
төлеу және жеңілдіктер бойынша жұмыс жүргізуде.

