Елордалық «Астана Опера» театрының камералық залы қазақтың аты аңызға айналған күміс көмей әнші Күләш Байсейітованың есімімен аталатын болады.
Айта кетейік, бұл зал – көптеген сахна саңлақтары өнер көрсетуге ұмтылатын еліміздің беделді концерттік алаңы. Атаулы күнге орай «Қазақтың бұлбұлы» атты іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты рәсім елімізге танымал өнер майталмандары мен түрлі халықаралық байқаулардың жеңімпаздарының басын қосады. Сонымен қатар Күләш Байсейітованың жеке мұрағатынан алынған фотосуреттері мен алғыс хаттарының бірнеше көшірмесі қойылған көрме ашылады. Құнды жәдігерлерді театрдың арт-галереясына әйгілі әншінің қызы тапсырды.
Карлығаш Байсейітова, Күләш Байсейітованың қызы:
- Біз жаз бойы сапарға шығып, Мәскеу, Киев, Ленинград сынды қалаларды аралайтынбыз. Анамыз Грузиядағы Палиашвили атындағы театрға «Даиси» операсына шақырту алды. Ол жерде Маро ариясын қазақ тілінде шырқады. Ал өзге әртістер партияларын грузин тілінде орындады. Анам сол кезде қолдары дірілдеп, қатты қобалжығанын айтатын. Ол өте қарапайым адам болды. Барлығының дәл менің анамдай ақжарқын, қарапайым болуларын тілеймін. Көрермен оның өнерін бір адамдай ұйып тыңдайтын еді.
Күләш Байсейітова 24 жасында кеңге танылып, «Кеңес Одағының халық әртісі» атағын алғанын айта кеткен жөн. Қазақ бұлбұлының есімі мен дарыны жер жаһанға тарап, көптің ықыласына бөленді. Әлі де есімі ел аузында. Бүгінгі таңда аты аңызға айналған әнші құрметіне арналған шығармалар әлемдік сахналарда шырқалып жүр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов