Келешек инженерлер, бағдарламашылар мен өнертапқыштар өз білімдері мен дағдыларын Алматы облысында робототехника бойынша өңірлік чемпионатта көрсетті. Ол 4 пен 18 жас арасындағы таланттардың басын қосты. Олар су атаулы тақырыпты талдап, таң қалдыратын жоба ойлап табуы тиіс. Түркістандық Ермек Дәуренбай екі робот ойлап тапқан. Бірі жағажайдағы қоқысты жинайды. Екіншісі айдын бетін айнадай етеді. Тіпті, су көзінің түбінде де тазалық жүргізеді.
Ермек Дәуренбай, Жарысқа қатысушы:
- Біз судың астында балдырлы жерлерді де қарастырдық. Ол жерді 3Д модельдегі робот жинайды.
Жарыста бұндай тың жобалар аз болмады. Айдынға мұнайдың ағуын анықтайтын эко станция ойлап тапқандар бар. Жалпы, жарыста ұсынылған дүниенің жан-жақты қыры бағаланады.
Асылбек Мурзахметов, ҚР робототехника бойынша бас бапкері:
- Балалар осы су асты әлемін зерттеп, бұл мәселеде өзінің бір инженерлік шешім тауып қазыларға түсіндіріп, көрсетуі керек. Сондай-ақ одан басқа әр команда өзінің арнайы роботын жасайды. Ол робот жасанды интеллект арқылы әр түрлі миссияларды орындау керек.
Бұндай аймақтық жарыстар енді Ақтау, Шымкент пен Астанада өтеді. Үздіктері Орталық Азияға жолдама алады. Оған 3 мың бала жиналады. Одан озат шыққан 120 оқушы Хьюстонда өтетін әлемдік бәйгеде бақ сынайды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

