Ол да жақында толығымен сөндіріледі. Абай облысындағы «Семей орманы» резерватындағы өртке байланысты Роман Скляр Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына осылай деп жауап берді. Министрлер кабинеті басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, апат толығымен ауыздықталғаннан кейін жанған барлық ағаш кесіліп, жаңадан ағаштар отырғызылады. Сонымен қатар Роман Склярдың айтуынша, оттың өрши түсуіне ауа температурасының жоғарылауы әсер еткен, ал ол Цельсий бағаны бойынша +38 градусқа дейін көтерілген, сондай-ақ екпінді желдің жылдамдығы 25 метрге дейін жеткен. Дегенмен мұның барлығы Үкімет пен жауапты тұлғаларды жауапкершіліктен босатпайды, деп қосты Скляр. Бастапқыда жағдай мен өрттің ауқымы тиісті деңгейде бағаланбаған.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Мұндай жағдайда біз тезірек әрекет етуіміз керек, жағдай көрсеткендей, өртті ауыздықтауға болатын бастапқы сәтті жіберіп алдық. Естеріңізде болса, 22 мамырда дәл осы орман шаруашылығында өрт болды. Онда 5 мың гектар орман өртенген еді. Жалын тез сөндірілгендіктен, апат орнында жағдай жеткілікті бағаланбай қалғаны анық. Қазіргі таңда прокуратура істі тексеріп жатыр, кейін толық жауап береді.
Табиғи өрттерге қарсы әрекет ету алгоритмін қайта қарау. Мұндай тапсырманы Үкімет отырысында министрлер кабинетінің басшысы Әлихан Смайылов Төтенше жағдайлар министрлігіне тапсырды. Оқиға орнына алғашқы сағаттарда жеткілікті мөлшерде техника мен мамандарды жіберу қажет. Сондай-ақ Ә.Смайылов ведомствоға Экология министрлігімен бірлесіп, елдің ұлттық парктері мен орман шаруашылықтарын өртті ерте анықтау және мониторинг жүйелерімен жарақтандыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.