Қостанай облысындағы жағдай бақылауда. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл әрекет ету штабының отырысында мәлімдеді. Мемлекет басшысы өртті толық әрі жылдам ауыздықтау үшін барлық ведомствоның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді. Сонымен қатар, Президент үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдарға толыққанды қолдау көрсету маңызды екенін атап өтті. Үкімет пен Қостанай облысының әкімдігіне зардап шеккен тұрғындарға шұғыл түрде өтемақы төлеу мәселесін қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрліктері бөлімшелерінің жеке құрамымен және өртті еріктілермен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайды жоюға атсалысқан барлық азаматтың жасаған ерлігі үшін алғыс білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біздің міндетіміз – біріншіден, табиғи апаттан болған зардаптарды жою үшін барлық қажет шараларды қабылдау. Өрт әлі де жалғасуда. Сондықтан оны толығымен ауыздықтау міндеті тұр. Жалынның басқа аймақтарға тарағанын айттым. Сондықтан Төтенше жағдайлар министрлігінің алдында өте күрделі міндет тұр. Сонымен қатар, осы болған оқиғадан сабақ алуымыз керек. Бірақ, ең бастысы, тиісті министрліктен болсын, басқа құқық қорғау органдарынан болсын, нақты алгоритмнің жоқтығына назар аудартқым келеді.
Шұғыл әрекет ету штаб отырысынан кейін Мемлекет басшысы Әулиекөл ауылындағы мектепте орналасқан эвакуациялау пунктінде болды. Мұнда ол өрттен зардап шеккен азаматтармен жүздесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет екі-екі жарым айдың ішінде жаңа үйлер салып беретінін жеткізді. Мемлекет басшысы гуманитарлық көмек тарату пунктінің де жұмысымен танысты.