Астанада болашақ шекарашылар үшін дайындық қалашығы ашылды

Елордада болашақ шекарашылар дайындалады. Ол үшін арнайы шекарашылар қалашығы ашылды. Әскери, күштік құрылымдарға, арнайы оқу орындарына түсетін оқушыларды даярлайтын Батырлар мектебінде ерекше алаң жасалды. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара Қызметі толыққанды жағдай жасаған.

Атап айтсақ, қарауылға арналған мұнара, мемлекеттік шекараны басып өткен қаскөйдің ізін анықтайтын жолақ және шекараның өзге белгілері айна-қатесіз келтірілген.

Аманжол Оразбаев, ҚР ҰҚК запастағы полковнигі:

– Біз жалпы әскери дайындық бойынша 2 нұсқаушы, тәрбие ісі, тактикалық жұмыс, медициналық дайындық бойынша бір-бірден нұсқаушыларды іздеп, енді осы орталықты басқаратын адам сайлайын деп жатырмыз. Себебі, осы орталыққа 200 оқушы тартуды мақсат етіп отырмыз. Олар офицер болуды, әскери қызметші атануды армандайтын жастар немесе кәмілет жасқа толғанда әскерге баруға сақадай-сай болғысы келетін жасөспірімдерді іріктеп аламыз.

Бұл мектепте болашақ офицер атанып, ел қорғаны болам деушілердің арасында нәзік жандылар да аз емес. Солардың бірі – Айдина Нұрғали.

Айдина Нұрғали, «Батырлар орталығының» тәлімгері:

– Бұрын болған армандарым қазір мақсатқа айналып жатыр. Бұл жаққа мен өмірдегі өз орнымды табу үшін келдім. Бастапқы кезде мен үшін қиын болды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін үйреніп кеттім. Алғашында мен үшін тәртіптері қиын болды. Қыз баласы үшін ауыр болады демекші, ол – шындық. Бірақ, әр адамның бойында патриоттық сезім болса, ол үйреніп, сіңісіп кете алады. 

Айта кетейік, болашақта Батырлар орталығында Қорғаныс және Ішкі Істер Министрліктері мен Ұлттық Ұлан қалашықтары да ашылады деп күтілуде. Ол үшін тиісті жер телімдері де бөлінген.