Алматы әлемнің ең үздік 100 қаласының қатарына кіруге ниетті. Мегаполис басшылығы өз алдына осындай өршіл міндет қойып отыр. «Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін қала экономикасының құрылымын өзгерту қажет», - деп шаһар басшысы арнайы брифинг барысында атап өтті. Егер қазір негізгі табыс көзі сауда саласынан түсетін болса, енді басты назарды дамудың мүлдем өзге бағыттарына аудару қажет. Оның айтуынша, ол үшін бар күш-жігер кино, анимация, балет, сән, киберспорт, сәулет және басқа да шығармашылық салаларды жетілдіруге жұмсалуы тиіс.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Қаламыздың шығармашылық индустриясының барлық өкілдерін жинап арнайы кеңес құрдық. Сөзден іске көшіп нақты қозғалысты неден және қалай бастаймыз? Бізде мұнда 8 аудан бар. Олардың әрқайсысында өзінің креативті хабы болуы керек. Сонда ғана жастар бос уақытын зая кетіріп, бейберекет көше кезіп жүрмейді. Бұл істі Алматының жаңа бөлігі Алатау ауданынан бастадық. Онда жақында үш қабатты ғимарат салынғанын біліп, бос тұрған соң бірден жастардың ойын жүзеге асыратын креативті хаб ашуды шештік.
Бүгінде бұл орталыққа 1000-ға жуық адам келеді. Онда еліміздегі алғашқы креативті индустриялар басқармасының өкілдері жаңа жобалармен жұмыс істеуде. Мәселен, трамвай депосының жаңа дизайнын жасау сынды заманауи жобалар құрылуда.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов