Qazaq TV телеарнасының тілшісі Жеңіс Ермұқанов Қазақстан халқы Ассамблеясының «Шаңырақ» республикалық шығармашылық байқауының лауреаты атанды. Аталмыш сыйлықпен ерекше көзге түскен 9 журналист марапатталды. ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев жыл ішінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік тақырыбында қалам тартқан материалдарды атап өтіп, алғысын білдірді.
«Отандық журналистика қоғамдық келісімді дамыту, арандатушы ақпараттарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және қоғам бірлігін сақтау тақырыптарын жиі көтеруі тиіс. Мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету мен мемлекет саясатын халыққа түсіндіру мәселесінде де қолына қалам ұстаған ағайынның атқаратын рөлі айрықша», - деп атап өтті Жансейіт Түймебаев.
Жеңіс Ермұқанов қазақ телевизиясы саласында 13 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Ал оның 5 жылын Qazaq TV халықаралық арнасында атқаруда. Сондай-ақ ол – көптеген ақпараттық және сараптамалық материалдарды, репортаждар, бағдарламалар мен сұхбаттардың авторы.