Қазақстан азаматтары қолма-қол ақшасыз есеп айырысу қызметіне жиірек жүгінетін болды. Әлем нарқының жаңа трендіне айналған мобильді төлемдер жүйесі қарқын алып келеді. Елдегі барлық төлемнің 83% мобильді қосымшалар арқылы жасалған. «Яғни қолма-қол есеп айырысудан бұрын карта арқылы жүзеге асырылатын төлемдердің өзектілігі жойылып барады», – дейді Финпром порталының сарапшылары.
Тек бір жылдың ішінде ұялы байланыс құралдары және интернет арқылы жасалған транзакциялар 2,5 есеге дейін артқан. Жыл басынан ғана онлайн төлемдер 29,5 трлн теңгеге жеткен. Бұл үрдістің жандануына пандемия мен әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптары өз әсерін тигізді.
Сарапшылардың дерегіне сай, тауарлар мен қызмет түрлерінің құнын мобильді қосымшалар арқылы өтеу бойынша Ақтөбе, Жамбыл өңірлері мен Шымкент қаласы көш бастап келеді. Бүгінде отандық операторлардың абоненттері ақшаларын қашықтан басқару мүмкіндігіне ие екенін еске салайық. Қазір елде 16 млн абонент ұялы байланыс пен интернетке қосылған. Бір жылда олардың саны 7% өскен. Бұл тың үрдіс әлі де артып келеді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов