Петропавлдағы Қозыбаев пен Американың Аризона университеттері қос мамандық алу бағдарламасын іске қосты Халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша 170 студент қабылданды. Студенттер биотехнология және IT мамандықтары бойынша тегін білім алады.
Алтын Нұрмазанова, Kozybayev University және University of Arizona студенті:
- Біздің Петропавл үшін Аризона университетінде білім алу – үлкен мүмкіндік. Аризона оқытушылары құрамы да мықты. Барлық дәрістер ағылшын тілінде өтеді. Бұл да өзге тілді жетік меңгеру үшін жасалып жатқан мүмкіндік деп ойлаймын.
Дамель Мектепбаева, университет басқармасының мүшесі:
- Қос дипломды бағдарлама бойынша оқуға түскен студент екі дипломға ие болады. Шетелдік диплом Америкаға барып оқығанмен тең дәрежеде болады. Айырмашылығы жоқ. Әрине, іріктеу болды, яғни талаптар болды, қос дипломға ағылшын тілін білу керек. , яғни студент қолында емтиханды тапсырды деген сертификаты болуы керек немесе университетте емтихан тапсырулары керек еді.
Қос дипломды білім беру бойынша жұмыс істеу үшін оқытушылардың халықаралық құрамы іріктеліп, көптеген ғылыми және виртуалды зертханалары бар заманауи оқу корпусы салынуда. Сонымен қатар, төртінші курста студенттер Аризонаға бір семестрге оқуға бара алады. Сарапшылардың пікірінше, мұның бәрі қазақстандық түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақмарал Ыбыраева, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы – ректорының кеңесшісі:
- Бұл өте маңызды іс деп ойлаймыз. Өйткені біздің алғашқы уақыттарда жастарымыз шетелге кетіп, шетелде оқып, сол жерден білім алып келіп жатса, біразы сол жақта қалып қойып жатты, бірақ осы бағдарламаның арқасында енді біз өзіміздің елімізде шетелдік білімді алуға мүмкіндік тудырып отырмыз.