Президенттік сайлауға қатысты халықаралық бақылаушылар не дейді?

Президенттік сайлау - Қазақстан үшін маңызды тарихи сәт. Бұл халықаралық байқаушылардың пікірі. Олар таңнан бері еліміздегі сайлау учаскелерін аралап, дауыс беру үрдісін қадағалады. Мақсат –саяси науқанның әділ өтуін куәландыру. 

Әйгерім Әкімжанова, тілші:

Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығы өз жұмысын таңнан бері жалғап келеді. Оның алаңында халықаралық байқаушылар, отандық және шетелдік баспасөз өкілдерінің қатысуымен баспасөз маслихаттары өтіп жатыр. Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауды қадағалауға келген шетелдік спикерлер дауыс беру үрдісі мен жалпы сайлауға қатысты пікірлерімен бөлісуде. Қазір ел бойынша өтіп жатқан саяси науқан оншақты халықаралық ұйым мен 35 мемлекеттің  641 өкілінің жіті назарында.

Италиядан келген халықаралық бақылаушы Тиберио Грациани – орталық сайлау комиссиясының маңызды саяси науқанға аса үлкен дайындығы мен өз таңдауын жасауда белсенділік танытқан ел жастарын көргенін айтады. Оның байқауынша азаматтық борышын өтеуге ниеттенген елордалықтардың сайлау учаскелеріне ағылуы бір толастамаған. 

Тиберио Грациани, халықаралық бақылаушы /Италия/

Мен ешбір заң бұзушылықты байқамадым. Ересектермен қатар жастар жағы көп келді. Күннің алғашқы жартысында дауыс беру көрсеткіші жоғары болды. Шамамен 15 пен 30% арасында. Мен кейбір жастармен тілдесіп үлгердім. Түсінгенімше, бәрінеде сайлау ұнайтын сыңайлы. Қазақстандағы сайлау Италиядағыдан несімен ерекше? Бұл тұрғыда айтсам, жергілікті халық сайлауды мерекедей көреді. Бір-біріне жылы лебіз білдіріп жатты. Жүздерінен қуаныш көрдім. 

Ахмед Сарир Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының өкілі.  Шетелдік мейман  Қазақстанға осымен 4-ші рет табан тіреген.  Оның екеуінде еліміздегі сайлау барысын қадағалаушы ретінде қатысқан.

Ахмед Сарир, халықаралық байқаушы /ИЫҰ/

Біз осы  сайлауға және өткен маусым айында болған референдумға бақылаушы ретінде қатыстық. Сондай-ақ, 2019-шы жылғы президенттік сайлауға да атсалысқан едік. Сол бірер шаралардың барысынан түйгеніміз Қазақстандағы халықтың дауыс беру үрдісі өте тыныш, ережелерге сай жүйелі түрде  өтеді.  Сайлау коомиссияларының мүшелерімен осыдан үш күн бұрын кездестім. Сол кезден-ақ, осы жолғы саяси науқанда дәл солай әділ өтеді деп топшылаған едім.

Байқаушылар түнімен және 21 қарашада күні бойы  жұмыс істейді. Олар дауыс санау процесінің ашық  және әділ жүргізілуін қадағалайды. Ал таңертең   халықаралық ұйымдардың өкілдері дауыс берудің алдын ала жариялау брифингіне қатысады және қорытынды мәлімдеме жасайды деп жоспарлануда.