Бюрократия мен қағазбастылықтан толықтай арылу. Мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымының 80 проценттен астамын өзара есептер алып отыр. Бүгінгі таңда оның шамамен бір жарым мыңға жуық түрі бар. Есептердің санын жақын арадағы бірнеше жылда екі есе азайту мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыруға және оларға жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Сарапшылар мемлекеттік аппараттың жұмысын жақсарту шараларын және Президент Жарлығында жазылған міндеттерді талқылады.
Олардың айтуынша, егер қазір мемлекеттік аппарат 35 мыңнан астам функцияны жүзеге асырса, 2015 жылы олардың саны 8 есе аз болған. Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова мәлім еткендей, жыл сайын мемлекеттік органдар функцияларының саны артып келеді, ал жұмыс мазмұны жақсармайды.
Айгүл Шайымова, ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі төрағасының орынбасары:
– Мемлекеттік аппарат қоғам мен бизнестің проблемалары мен қажеттіліктерін біліп, ескеріп, қажетті шешімдерді тез әрі тиімді қабылдауы және оларды іске асыруы тиіс. Сұрақтың практикалық шешімін қамтамасыз ететін нақты нәтиже, мемлекеттік органдар жұмысында тиімділіктің айқындаушы критерийі болмақ.
Президент Жарлығында айтылған бірқатар міндеттерді жүзеге асыру мемлекеттік қызмет істері Агенттігіне жүктелді. Ол «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі базасында мемлекеттік қызметке қабылдау және іріктеу процесін толық цифрландыруды қамтамасыз ету қызметі.
Берік Беркімбаев, ҚР мемлекеттік қызмет істері Агенттігі төрағасының орынбасары:
– Өткен жылы 28 мың іріктеу бойынша конкурс жарияланды. Ол конкурстарға 46 мыңнан астам үміткер қатысқан болатын. 46 мыңның 30 проценті ғана сәтті өтіп, жұмысқа орналасты. «Е – қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызметке іріктеу процессінің барлық кезеңдерін автоматтаныдру, қашықтықтан қатысу, жоғарыда аталған мәселелерді шешетіні анық. Сол себептен Агенттіктің тарапынан осы жұмыс келесі жылдың аяғына дейін аяқталады деп жоспарлап отырмыз.
Бұл ретте, мемлекеттік аппарат жұмысы қағаздан цифрлық форматқа ауысатынынан өзге, бюджеттік және норма шығару процестері де оңтайландырылатынын атап өткен жөн.
Автор: Ақзер Сегізбай