Қазақстан мен Қытай 15 млрд доллардың келісімдеріне қол қойды

Қазақстан мен Қытай 15 млрд доллардың келісімдеріне қол қойды

Көлік, энергетика, тау-кен металлургия кешені, АӨК және жасанды интеллект. Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңде өткен қазақ-қытай Іскерлік кеңесінің 8-ші отырысында өзара ынтымақтастық әлеуетінің басым бағыттарын белгіледі. Жиынға екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес-құрылымдарының 500-ден астам өкілі, сондай-ақ аспан асты елінің 70-ден астам ірі корпорацияларының басшылары қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде  Қытай - Қазақстанның мәңгілік стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы 44 млрд долларға жетті. Алдағы 5 жыллда тараптар өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуға ниетті. Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы Орталық Азия өңірінде көш бастап келеді. Биылдың соңына қарай ЖІӨ 300 млрд доллардан асады деген болжам бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қытай Қазақстан экономикасына 27 млрд доллар инвестиция салды. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар.

Қазақстанмен бизнес жүргізу - тиімді. Ел инвесторларды тартып қана қоймай, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін  қолайлы жағдай жасайды. Бұл бағыттағы жұмыс барлық деңгейде жүргізіліп келеді. Оның үстіне, Қазақстан мен Қытай арасында Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды. Іскер топтар өзара ынтымақтастықтың әлеуетті және өздеріне тиімді болатын тұстарын таңдай алады. Олардың бірі көлік және логистика. Мәселен, Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85% Қазақстан арқылы өтеді. Еліміз жаңартылатын қуат көздері және атом энергетикасындағы өзара іс-қимыл жасауға бизнес үшін аса тартымды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дәстүрлі қуат көздерін дамыту – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі жолы. Энергетика саласындағы бірлескен жобалардың барлығы біздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі деп санаймын.

Қазақстан егістік көлемі бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Сондай-ақ бидай экспорты бойынша ең ірі 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Еліміз Қытай нарығына жылына 2 млн тоннаға дейін астық тасымалдай алады. Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін бірлесе дамыту аса маңызды екенін тілге тиек етті. Жасанды интеллект саласында да ынтымақтастық құрудың әлеуеті зор. Бұл ретте инновацияларды тарту және криптоиндустрияны дамытудың қуатты өңірлік орталығына айналатын жаңа Alatau City қаласына ерекше мән беріледі.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- China State Construction Engineering Corporation компаниясы қазақ тарапымен тиісті келісімге қол қояды. Біз оны толық қолдаймыз. Құрылысты тез арада бастау қажет деп ойлаймын. Жақын арада «Alatau City» біртұтас экожүйе ретінде арнайы мәртебеге ие болады.

Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің қорытындысы бойынша жалпы құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен аса құжатқа қол қойылды. Олардың дені - энергетика, логистика және цифрлық технологиялар саласындағы жобалар.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?