Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан энергетикалық жүйелерді интеграциялайды. СOP 29 Дүниежүзілік климат саммитінің аясында мемлекет басшылары келісімге қол қойды. Уағдаластыққа сәйкес тараптар жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық серіктестікті орнатады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтулы оқиға орнықты дамуға ортақ ұмтылыс тарихының жаңа парағын ашқанын атап өтті.
Қасым-жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құжат елдеріміздің энергетикалық жүйелерін интеграциялау, сондай-ақ Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға экологиялық таза энергияны жеткізетін сенімді дәліздерді қалыптастыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда Қазақстан ірі транзит аумағы ретінде үлкен рөл атқарады. Аталған келісімнің нақты нәтижелері үш елдің экономикаларын біріктіріп, Орта дәлізді «жасыл көпір» ретінде дамытуға ықпал етеді.
Қазақстан Президентінің айтуынша, бұл ынтымақтастық мемлекеттер арасындағы тәжірибе мен озық технологияларды алмасуға серпін береді, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздігімізді нығайтуға септігін тигізеді. Әзербайжан басшысы келісім үш мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығаратынын, ал Өзбекстан Президенті оның болашаққа қосқан бірлескен үлесін бейнелейтінін атап өтті.
Ильхам Алиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:
- Орталық Азия мен Кавказ өңірі көптеген мәселе бойынша, соның ішінде «жасыл» энергияны дамыту саласында бірлесіп әрекет етеді. Біз қайта жаңғыртылатын энергия көздері бағытында Қазақстан мен Өзбекстанның ауқымды жоспарлары мен қол жеткізген жетістіктері жайында жақсы білеміз.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:
- Аталған жобаның экологиялық маңызын ерекше атап өткім келеді. Желден, күннен алынатын қуат климаттың жұмсаруына әсер етеді. Осы арқылы біз Париж келісімі аясында климатты қорғау жөнінде бірлескен күш-жігерге қолдау білдіріп, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге атсалысамыз.
Бұдан бөлек, мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Сауд Арабиясының энергетика министрлері Жасыл энергияны дамыту және беру саласындағы ынтымақтастық туралы атқарушы бағдарламаға қол қойды.
Әсел Күшенғалиева