Президент жанындағы жастар кадр резервіне іріктеу басталады. Мемлекеттік сектор үшін 50 резервші іріктелмек. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, конкурсқа 35 жастан аспаған, жоғары білімі бар және еңбек өтілі кемінде бес жыл болған ел азаматтары қатыса алады. Іріктеу барысында үміткерлердің күрделі мәтін мен сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті, ситуациялық мәселелерді шешуі бағаланады. Іріктеуге енгізіліп отырған жаңашылдықтардың бірі – үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейі сарапқа салынады. Оны «Qaztest» немесе «Qazaq Resmi Test» сертификаттары арқылы растауы шарт. Резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды. Құжаттарды қабылдау және әлеуетті резервшілерді іріктеу мамандандырылған онлайн платформада жүргізіледі.