Қазақстанда жаңа инвестициялық цикл іске қосылады. Жаңа жобаларға тартылған қаражат Ұлттық экономиканың көлемін екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін ұлғайтуы керек. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа», «Парыз» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау кезінде алдағы уақыттағы жоспарлар туралы айтты. Жақында Мемлекет басшысы инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру туралы Жарлыққа қол қойды. Енді штабқа заңды күші бар, уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу құқығы берілді. Оның шешімдерін мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар міндетті түрде орындауы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы, инвестиция тарту ісінде «бюрократияға мүлде жол жоқ – барынша нақты іс-әрекет» қағидаты басшылыққа алынуы қажет. Қолға алынған істің нәтижесі мемлекеттік аппараттың жіті назарында болуға тиіс. Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмаға сәйкес, өңдеу секторына қаржы салатын инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылады. Бұрын-соңды мұндай жүйелі шаралар болмаған әрі оның шешуші сипаты бар. Әйтпесе инвестиция үшін өте жоғары халықаралық бәсекелестік қалыптасып тұрған жағдайда көздеген мақсатқа қол жеткізу қиынға соғады.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде инвестициялық жобаларды «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізілетінін атап өтті. Оны прокуратура органдары қадағалайды. Бұл инвесторларға рұқсат беретін құжатты алу ісін оңайлатады және жеделдетеді. Сондай-ақ оларға жер учаскелерін беру және коммуникация жүргізу жұмыстарын жеңілдетеді. Жалпы биыл Қазақстанда 376 млрд теңгені құрайтын 90-нан астам инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл ретте елімізге әлемдік және аймақтық өнеркәсіп алпауыттары келіп, бизнесін сәтті дөңгелетуде. Бүгінде республикада KIA автокөліктерін шығаратын толық циклді зауыттың құрылысы басталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазір республика алдында шынайы индустрияландыру және елдің жаңа өндірістік негізін қалыптастыру мақсаты тұрғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы. Сонымен бірге бизнес өкілдері халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек. Адал азамат өз жағдайын ғана жасамайды. Ол туған ауылының немесе өзі жұмыс істеп жатқан аймақтың қамын да ойлайды. Мұндай кәсіпкерлер көпшіліктің қолдауына және алғысына ие болады. Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық марапат жоқ. «Парыз» байқауына қатысушылар биыл түрлі әлеуметтік жобаға белсене атсалысты. Қайырымдылыққа 80 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады, 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты.
Мемлекет басышысы елде индустрияландыру ісін одан әрі жалғастыру қажет деп санайды. Бұл бағытта нақты шаралар қолға алынды. Атап айтқанда - «Өнеркәсіп саясат» туралы арнайы заң қабылданды. Сондай-ақ өңдеу кәсіпорындарын арзан шикізатпен қамтамасыз ету өте маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге міндетті болады деп атап өтті. Айта кетейік, өткен жылы өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі рекордтық 26 миллиард доллардан асты, ал салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды.