Елордада «Музей түні» өтті

Шеберлік сабақтары, әсем ән мен тәтті күй, көркем өнерге қанығып, өткенге тақырыптық саяхаттар. Елордада жыл сайынғы «Музей түні» акциясы аясында мәдени-танымдық іс-шаралар топтамасы ұсынылды. Дәстүрлі шара Ұлттық мұражай қабырғасында отыз мыңнан астам қонақтың басын қосты.  Бірегей бағдарлама Ұлттық Ұланның құрметті қарауыл ротасының және Қорғаныс министрлігінің әскери оркестрлерінің салтанатты дефилесінен бастау алды. Ал, «Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымы аты аңызға айналған шетел классиктерінің туындыларын орындады. Сондай-ақ, меймандар көне жәдігерлерді қалпына келтіру үрдісіне куә болды. Бұған қоса, үш бірдей ерекше экспозиция ашылды. Өнерсүйер қауымның назарына  отандық қылқалам шеберлері мен қолонершілерінің үздік еңбектері және музей қорының картографиялық көрмесі ұсынылды.  

Абай Сатыбалдин, ҚР Ұлттық Музейі директорының орынбасары:

– Келушілер үшін алғаш рет біздің қордан бұрын көрсетілмеген картиналар ұсынылды. Бұл – негізінен өзіміздің классиктердің туындылары. Сондай-ақ, этнографиялық көрме ұйымдастырдық. Оның ерекшелігі бұрын соңды еш-жерге шығарылмаған қазақтың бірегей  сандықтарын тамашалауға болады. Оларда біздің қорда ұзақ уақыт сақталып тұрды. Бұл аз десеңіз, қолөнершілердің үздік жұмыстары орын тепкен үлкен көрме қанат жайды. Көпшілігі осы жыл ішінде дүниеге келген жас шеберлердің еңбегі. Бұл акцияның ең басты мақсаты мәдени танымдық тұрғыда музей қонақтарын руһани азықтандыру.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов