Орта және жоғары деңгейдегі тауар өндірісін ұлғайтуға қолайлы жағдай жасау. Бұл – Қазақстанның алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Қазіргі әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызы одан сайын арта түскен. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының халықпен кездесуінде айтты. Қазір Президент аймақта жұмыс сапарымен жүр. Мемлекет басшысы Қарағанды облысының даму барысын ұдайы назарда ұстайтынын айтып, өлкенің өркендеуіне серпін беретін бірқатар басым бағытты да атап өтті. Бүгінде облыс өнеркәсіп өндірісінің көшбасшысы болып келеді. Өңірде өңдеуші сектордың үлесі 80% құрайды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қарағанды облысының осы бағытын одан әрі дамыту үшін мүмкіндік мол деп атап өтті.
«Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Saran» индустриялық аймағында бірқатар ірі кәсіпорын іске қосылып, перспективасы мол өндіріс жобалары жүзеге асырылып жатыр. Олар шетелдік компаниялардың өндірісін көшіретін алаңға да айнала алады және айналуға тиіс. Ол үшін лайықты жағдай жасалуы керек. Үкіметке «Saran» индустриялық аймағының инфрақұрылымын қалыптастыруды 2023 жылы аяқтауды тапсырамын», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.