Қазақстанда ұлттық геологиялық қызмет құрылып, инвесторлардың сапалы геологиялық ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында осылай мәлім етті. «Бағынысты ұйымдардың базасында құрылатын жаңа мекеме жер қойнауына кімді және қалай жіберу керектігін шешетін монополист болмауы керек. Оның рөлі инвесторларды кешенді сервистік қолдауға бағытталғаны жөн», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, қазір әзірленіп жатқан өнеркәсіптік саясат туралы заң қайта өңдеу саласының алдында тұрған сұрақтарға жауап беруі тиіс. Оның ережесі қарапайым және түсінікті: отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, көлемі жеткілікті болуы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміздің ресурстық әлеуеті толық ашылмағанын, геологиялық тұрғыдан зерделену деңгейі төмен екенін қаперден шығармаған жөн. Сапалы геологиялық ақпараттың инвесторларға қолжетімділігін арттыру қажет. Жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет. Ұлт жоспары аясында басталған реформаларды соңына дейін жеткізген жөн. Атап айтқанда, геологиялық ақпараттың ашық цифрлық мәліметтер базасын құрып, оны инвесторлар үшін қолжетімді ету керек. Жер қойнауы – ұлттың байлығы.