Қалалар мен аудандардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіру – ұтымды әдіс. Еліміздің сарапшылары осындай пікірде. Президент Жолдауында айтылған бұл бастама өңірлерде бәсекелі орта қалыптастыруға мүмкіндік бермек. «Тың өзгеріс жергілікті басқару жүйесін жетілдіруге ықпал етеді», – дейді саясаттанушылар.
Тұрар Шайхиев, саясаттанушы:
- Енді аудандық, қалалық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары толықтай бірмандатты округтерде ешқандай саяси партияға тәуелсіз депутаттар болып табылады. Міне, осы мәселелер еліміздің саяси дамуына өте зор ықпал етеді деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы Жолдауда жариялаған ауқымды саяси реформалар қатарында саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету де бар. Партиялар үшін қарастырылған тіркеу шегі 4 есе, яғни 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетіледі. Өңірлердегі өкілдер саны үш есе қысқарып, 600-ден 200 адамға дейін азайтылса, партия құру жөнінде бастама көтерген топ 1 мыңнан 700 адамға қысқарады.
Самат Нұртаза, саясаттанушы:
- Бәсекелестік пайда болып келеді. Бір салада өз орны бар жан енді 20 емес, 5 мың адам жинап партия құра алады. Оның Парламентке өту-өтпеуі – басқа мәселе. Дегенмен тыңдаушы мемлекет азаматтардың өтінішін ескеруі тиіс. Солай болады да. Тіркеу шегін 5 мың адамға дейін төмендетуге келсек, бұл – мен күтпеген жайт. Бұлай болады деп ойлаған жоқпын. Бұл – қоғамды демократияландыру, либерализациялау. Мұның оң ықпалы болады деп ойлаймын.