Қазақстан мен Иран екіжақты тауар айналымын 3 млрд долларға дейін жеткізуге
ниетті. Биыл 9 айда өзара сауда көлемі 310 млн доллардан асқан. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңінен еселенген. Дені
Қазақстандық экспортқа тиесілі. Оның үлесі отандық ауылшаруашылық өнімін
жеткізу есебінен үш есеге жуық артқан. Иран,
өз кезегінде, біздің нарыққа сүт өнімдерін, картоп пен пластмассадан жасалған
бұйымдар жеткізеді. Бизнес-кооперацияның да өсуі байқалып отыр. Қазіргі таңда
ел аумағында Иран капиталы бар 658 компания тіркелген.
Мирас Жиенбаев, MNU Басқарма төрағасының Халықаралық байланыстар мен
бастамалар жөніндегі кеңесшісі:
– Біздің Иранмен сауда-экономикалық байланысымыздың артуы тікелей қазақ экспортының ұлғаюынан туындап отыр. Бұл қазақстандық тауардың сұранысқа ие болуымен, Иран нарығына қажетті тауар түрлерін дұрыс ұсынуымызбен байланысты. Бұл біздің мемлекет үшін ашық экономикалық мүмкіндіктер ұсынады. Қазақстан экономикасының экспорттық мүмкіндігін есепке алсақ, үш миллиард доллар деп белгіленген шекті межеге қол жеткізу ықтималдығы жоғары.
Екі ел әріптестігінің басты бағыты логистика – нақты айтқанда
мультимодальді бағыттарды дамыту болмақ. Қазіргі таңда Қазақстан мен Иран
халықаралық «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің оңтүстік бағытын қалыптастырып,
Орталық Азия мен Парсы шығанағын, Үнді мұхитын жалғап жатыр. Бұл бағыттың басты
өткізу бекеттері ретінде Иранның Бендер-Аббас және Қазақстанның Ақтау порттары
аталады. Мұндай тіке байланыс қос тараптың бизнес өкілдері үшін жүк жеткізу
мерзімін екі есе қысқартуға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірі бойынша,
алдағы жылдарда Қазақстан мен Иран әріптестігі негізгі үш бағыт бойынша
белсенді дамиды. Олар: логистика, өндіріс пен агроөнеркәсіп кешені. Сондай-ақ,
энергетика мен мұнай химиясындағы кооперация бағыттарының әлеуеті жоғары.

