Мемлекет Басшысы Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезіне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезінде сөз сөйледі. Іс-шараға еліміздің барлық аймағынан келген судьялар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері мен шетелдік сарапшылар қатысты. Мемлекет басшысы соттардың қызметін одан әрі жетілдірудегі басым міндеттерге назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сот төрелігіне қол жеткізуде соттардың шешіміне кассациялық тәртіппен шағымдану мүмкіндігін беру маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биыл шілде айында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойдым. Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Қазір оған қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу маңызды. Кассациялық соттардың кадрлық құрамы тәжірибелі судьялардан жасақталуы керек. Кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды. 

Келесі басымдық – саланы цифрландыруды жалғастыру. Бұл үрдіс сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етіп, азаматтардың процеске қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Президент салаға озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану қажет екенін айтты. Бұған қоса сот ісін қашықтан жүргізу мен онлайн көрсетілім оңтайлы үрдіс екенін танытып үлгерді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

– Биыл сот отырыстары алғаш рет онлайн көрсетіле бастады. Осындай тәсілмен екі сот процесі өтті. Сот істері миллиондаған адамның көз алдында мейлінше ашық жүргізілді. Мұндай қадам жұрттың сот жүйесіне сенімін нығайта түсті деуге болады. Бұл – әрине, бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Сондықтан судьялар мен айыптаушыларға қойылатын талап күшейді. Сотқа қатысушы тараптар ашық сот алаңында өз ойларын еркін жеткізе алады. Барлық сот отырысында осындай жоғары стандарт болуы керек. 

Сөз соңында Мемлекет басшысы судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдауды қолдады. Бұл құжат соттардың тәртібінде жоғары стандарттарды бекітіп, сот жүйесіне қоғамның сенімін нығайта түседі.