Президент – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуына қатысты. Ақтөбе облысындағы іс-шара Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 800-ге жуық жастың басын қосты. Мемлекет басшысы қатысушыларды слеттің ашылуымен құттықтап, бұл жас өрендеріміздің рухын шыңдайтын өте маңызды іс-шара деді. Жиын Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ғасырлық мерейтойына арналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ержүрек мерген қыздың ерлігі халқымыздың және достас елдердің тарихына алтын әріппен жазылған. Қазақтың қаршадай қызы соғысқа аттанып, бірден қан майданның ортасына түсті. Ол сұрапыл шайқастарда теңдессіз ерлік пен Отан алдындағы парызға адалдық үлгісін көрсетті.
Әскер қатарында болу - абыройлы міндет. Осылай деген Президент еліміз
өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне баса мән беретінін жеткізді.
Қуатты Армия тәуелсіздіктің тірегі әрі қарқынды даму кепілі болады. Сондықтан әскердің келешегі осы жастардың қолында. Әділетті және қауіпсіз Қазақстанды құратын да осы жалынды әрі жасапмаз ұрпақ. Жиында Президент Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде елдің білімді, адал, озық жастарына сенетіндігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алдағы күндері сіздердің қаншалықты күшті әрі епті екендеріңіз сыналады. Әскери қызметтің қандай болатынын сезініп, заманауи армияның озық технологияларымен танысасыздар. Нағыз жауынгер табанды еңбек, қатаң тәртіп пен жауапкершілік қана жеңіске жеткізетінін біледі. Тактикалық ойындар кезінде сіздерге батылдық пен шешімталдық қажет болады. Командамен ұйымдаса әрекет ету, бір-біріңе көмектесу талап етіледі.
Бір апталық жиында балалар мен жасөспірімдер «Айбын дарыны» интелектуалдық
ойынына, «Smart Sarbaz» технологиялық конкурсына және «Айбын» жұлдызы
шығармашылық сайысына қатысады. Пневматикалық мылтықтан ату, автоматты шашып,
қайта жинаудан жарысады. Бағдарламада спорттық сайыстар, «Күшіміз бірлікте»
әскери-тактикалық ойыны бар. Ресми шарадан кейін Президент FPV-дрон
операторларын даярлайтын инновациялық оқу-жаттығу кешені мен ұшқыштарға
арналған заманауи жаттығу симуляторларын көрді. «Smart sarbaz» жас робот
техниктері үйірмесінің жұмысымен танысты.

