Референдум - демократияның маңызды тетігі

АЭС салу жөніндегі референдум - демократияның бірегей тетігі. Бұл іс-шара қазақстандықтарды елдің игілігі үшін маңызды шешімдер қабылдау үдерісіне тартудың бірден-бір жолы. Еуропа Парламентінің депутаттары, сондай-ақ ірі халықаралық ұйымдардың өкілдері Қазақстанда өтіп жатқан референдумға қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Олардың айтуынша бұл республиканың ашық демократиялық құндылықтарға бейімділігін айшықтайтын шара. Бұған бүгін шетелдік мамандар тағы бір көз жеткізгендерін алға тартып отыр. Яғни, атом энергетикасы сияқты аса күрделі тақырыпта азаматтарға шешім қабылдауға мүмкіндік жасау елде халық билігінің өркендегенінің белгісі дейді олар. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс көпірінің беріктігін айғақтайды.


Томас Джечовски, Еуропа Парламентінің депутаты:


- Референдум демократияның бір бөлігі. Сондықтан, біз, Орталық Азияның барлық елдерінде демократиялық құндылықтарды ілгерілету мен референдумдарды өткізуге әрдайым қолдау көрсетуге тырысамыз. Біз Қазақстанның демократия қағидаттарын ұстанып, үлкен прогреске қол жеткізгеніне қуаныштымыз. Біз мұны аса жоғары бағалаймыз және елдің осы бағытта Еуропалық Одақ институтарымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтатынына сенімдіміз.


Олег Копылов, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бас хатшысының орынбасары:


- Менің ойымша, Қазақстан үкіметінің адамдарға осындай маңызды мәселе бойынша ел үшін таңдау жасау мүмкіндігін бергені өте дұрыс шешім. Бұл тұтастай Қазақстан халқының таңдауы. Біз Шанхай ынтымақтастығы ұйымының бақылаушылар миссиясының құрамы осы тарихи сәтті бақылау үшін Астанаға келдік. Референдумның нәтижелеріне баға беру үшін емес, жай ғана қадағалаушы боламыз. Сол үшін қазақстандық тараптың шақыруымен келдік.

Айта кетейік, Қазақстанда референдум барысын Шанхай ынтымақтастығы ұйымының миссиясынан басқа Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және Тәуелсіз мемлекеттер достастығы сияқты ірі халықаралық ұйым өкілдері бақылауда.