Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиында болашақ бір палаталы Парламентті қалыптастыруға қатысты мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Жұмыс тобы мүшелерінің ұсыныстары, сондай-ақ азаматтардың е-Otinish және E-gov платформалары арқылы келіп түскен бастамалары қаралды. Отырыста жаңа Парламент депутаттарына қойылатын біліктілік талаптары, оларды сайлау тәртібі, саны мен сапалық құрамы, өкілеттілік мерзімі және квотаға қатысты тәсілдер сараланды. Жиында көтерілген бастамалар жүйеленеді. Парламенттік реформаны өткізу жөніндегі негізгі тәсілдерді қалыптастыру ісі Жұмыс тобының алдағы отырыстарында жалғасады.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- 15 қарашаға дейін белгіленген мерзім
ішінде жұмыс тобының мүшелері және 6 партия атынан Парламенттік реформа
мәселесі бойынша арнайы ұсыныстар келіп түсті. Біз келіп түскен бүкіл
ұсыныстарды 3 топқа, 3 категорияға бөлдік. Бұл біріншіден - саяси партиялардың
ұсыныстарын бөлек шығардық. Жұмыс тобынан келіп түскен ұсыныстарды бөлек
жинақтадық және е-Otinish және E-gov платформасы арқылы келген басқа да
азаматтардың, жекелеген қоғам қайраткерлерінің атынан келіп түскен ұсыныстарды
бөлек жинақтадық. Мемлекет басшысы жұмыс тобы аясында жинақталған бастамаларды
жан-жақты қарастыруды және Парламенттік жүйені жаңғыртуға қатысты ұсынымдар
әзірлеуді тапсырды. Бұл жұмыс тобының басты міндеті.

