Қазақстан Президенті Жетісу облысының әкімін қабылдады. Бейбіт Исабаев Қасым-Жомарт
Тоқаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. 2025 жылдың
қорытындысы бойынша барлық негізгі мақсатты индикаторға қол жеткізілген.
Аймаққа 610 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда
шамамен 13% артық. 2027 жылға дейін құны 94 жарым млрд теңгенің 23
инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
Олар құс фабрикалары, мал бордақылау алаңдары, балық және жылыжай
шаруашылықтарын құруды көздейді. Өнеркәсіп саласында соңғы үш жылда 29 жаңа
нысан іске қосылды. Сондай-ақ, өңірде инфрақұрылым дамып келеді.
«Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры тартылып, 210 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізеді. Президентке агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспары да таныстырылды. Ауыл шаруашылығы дақылдары, соның ішінде қант қызылшасы алқабы кеңейді. Өңірдің туризм саласындағы мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыстар жалғасуда. Алакөл, Балқаш жағалауларында туристік нысандарға баратын жолдар салынып, ауыз су, электр желісі, кәріз жүйелері тартылды. Жағалауларды бекіту шаралары қолға алынды.
Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:
– Мемлекет басшысы облыстың алдына екі негізгі міндет
жүктеді. Біріншісі біздің облысымыздың Қытай Халық Республикасымен шекаралас
жатуына байланысты орналасқан «Достық» торабында және «Қорғас» торабындағы арнайы экономикалық аймақтардағы жұмысты
тиімді басқару. Екінші мәселе облысымыздың қолайлы табиғи жағдайын сараптай
келе, облыста туризмді дамыту қарқынын түзетуді тапсырды.

