2024 жылы Ұлттық қор активтерін басқарудан түскен табыс,
4,5 миллиард долларды құрады. Сонымен қатар алтын-валюта резервтері 45 млрд 800
млн долларға жетіп, 27%-тен астамға ұлғайған. Монетарлық реттеуші төрағасы
Тимур Сүлейменов Қазақстан Президентіне былтыр жүзеге асырған ақша-кредит саясатының
қорытындысы мен 2025 жылға арналған жоспарлар туралы баяндады. Қасым-Жомарт
Тоқаевқа Қазақстан экономикасы мен қаржы жүйесіндегі ахуал туралы мәлімет берілді.
Тимур Сүлейменов банк секторындағы жағдайдың тұрақтылығы, депозиттер базасының
қалыпты өсімінің жалғасуы, Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту
нәтижелері мен Антифрод-орталығының қызметі жөнінде айтты. Кездесу соңында
Президент инфляцияны тұрақтандырудың, Ұлттық банк пен Үкіметтің
макроэкономикалық саясатын тығыз үйлестірудің маңыздылығына тоқталды.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

