Қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың VIІ форумы

«Болашақтың дидары. Жаңа технологиялар және медиа». Бұл тақырып қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылар форумының өзегіне айналды. Жиында салаға жасанды интеллекті ендіру, оның қауіпсіздігі мен халықаралық реттеу стандарттары, креативті индустрия, мәдениет және технология тақырыптары талқыланды. Елордада бас қосқан 300 астам медиа сарапшылар, журналистер мен блогерлер осы бағытта ой қозғап, пікір алмасты.

Жанасыл Болатбек, медиа сарапшы:

-Қазақстандағы қаралым бойынша жоғары деңгейде тұрған барлық контент ол қазақ тілінде. Мысалы, екі тілде хабар тарататын, екі тілде видео тарататын «Gakku» арнасында алғашқы жиырмалықтың бәрі қазақ әндері. Немесе 8, 10 млн қаралымы бар қазақ тілді жобалар өте көп.

Сондай-ақ, форум аясында қатысушыларға шеберлік сабақтары мен отандық медиа кеңістікте жүзеге асырылған тың жобалар ұсынылды. Мәселен, мұнда елімізде 360 форматта түсірілген алғашқы арнайы репортаж және жасанды интеллект көмегімен салынған қозғалмалы суреттерді тамашалау мүмкіндігі жасалды. 

Бауыржан Болатұлы, жоба авторы:

-Жобаның ерекшелігі мысалы, адам телефоннан қараса тек қана ақпаратты қабылдап отырады. Ал мына көзілдірікті кисе адамға оның ішіне толыққанды кіруге көмектеседі. Толыққанды сол жағдайды түсінуге және сол эмоцияны қабылдауға көмектеседі. Арнайы камералармен және арнайы бағдарламалармен жасалады.

Бағдаулет Бекжанов, жоба авторы:

-Егер Астанада Ван Гог болғанда қалай болар еді. Ол оны өз көзімен қалай көрер еді деген фантазияларды іске асырамын. Алматыны да аниме стилінде жасауға тырысамын. Біздің ескі жоғалып бара жатқан суреттерді өңдеп, түс келтіріп, анимацияға айналдырамын. Яғни, басқаша көзбен қарауға тырысамын. Жасанды интеллект арқылы бізде осындай мүмкіндіктер ашылып жатыр.