Қасым-Жомарт Тоқаев жергілдікті тұрғындармен кездесіп, соңғы жылдары болған оң өзгерістерді атап өтті. Мәселен, Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артқан. Сонымен қатар мемлекет басшысы туризм саласындағы оң өзгерістерге тоқталды. Атап айтқанда, 2019 жылдан бері облыстың киелі жерлерін аралау мен табиғатын тамашалуға 2 млн-ға жуық турист келген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Соңғы үш жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен. Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Осылайша, халықтың тұрмыс сапасы біртіндеп жақсарып келеді. Әрине, өңірді дамытуға мемлекет барынша күш салады. Түйіткілдер әлі аз емес. Әсіресе, әлеуметтік салада мәселелер бар. Дегенмен ең бастысы жергілікті жұрттың ынта-жігері. Бұл жағынан түркістандықтар өте белсенді деуге болады. Оңтүстік тұрғындары еңбекқор халық. Сіздерде ауызбіршілік, әр істің көзін таба білетін іскерлік сияқты жақсы қасиеттің барлығы бар.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы президенттік сайлауға қатысты пікірін білдіріп, мемлекет басшысының бір мерзімге сайлануы өте маңызды реформа екенін және бұл халықтың болашағы үшін қажет екенін айтты. Президент сондай-ақ мұндай өзгерістер ешбір елде болмағанын да атап өтті. Қ.Тоқаев еліміздің халықаралық жағдайға қатысты ұстанымына да тоқталды. Президент Қазақстанның әрқашан бейтарап позиция ұстанатынын атап өтті. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді. ал халқымыздың күші бірлікте, парасаттылық пен төзімділікте, деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекеттердің территориялық тұтастығы міндетті түрде сақталуы керек. Бұл – негізгі қағидат. Мен мұны халықаралық аренада үнемі ашық және анық айтып жүрмін. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымына барып, ең биік мінберден бұл туралы тағы да мәлімдедім.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Түркістан облысының жас экобелсенділерімен бірге Ботаникалық баққа тал отырғызу шарасына қатысты. Кейін жастармен тілдескен Президент Отанды сүю адал еңбектен басталуы керек екенін айтты.