Қазақстан мен Қытай индустриализация саласында бірлескен жобаларды көбейтпек

Қазақстан мен Қытай индустриализация саласында бірлескен жобаларды көбейтпек

Қазақстан мен қытай бірлескен инвестициялық және инновациялық жобалардың көлемін арттырмақ. Кең форматты өзара әріптестік мәселелерін Премьер-министр Әлихан Смайылов Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьер-министрінің орынбасары Дин Сюэсянмен талқылады. Үкімет басшысы бірлескен Қазақстан-Қытай жобаларының тізбесін кеңейтудің, 2026 жылға дейінгі Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына қол қоюдың, сондай-ақ импорттық-экспорттық тауарларды өзара куәландыру туралы келісімді жаңартудың маңыздылығын атап өтті. Бұл өз кезегінде Қазақстан-Қытай сауда серіктестігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде сауда айналымы жыл санап артып келеді. Былтыр екі ел саудасы 35% өсіп, 24 млрд доллардан асып жығылған. Өсу динамикасы 2023 жылда да сақталып келеді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-
10 ай ішінде өзара сауда-саттық тағы 24%-ға өсті. Осындай қарқынмен біз жақын арада екі елдің Мемлекет басшылары белгілеген тауар айналымын $40 млрд-қа дейін ұлғайту жөніндегі мақсатқа қол жеткізе аламыз деп санаймын

Сонымен қатар, тараптар транзиттік-көліктік өзара іс-қимыл мәселесін талқылады. Ол да ерекше маңызға ие. Қазір Қытайдан Еуропаға тасымалданатын тауарлардың 85% Қазақстан арқылы өтеді. Осыған байланысты республика өсіп келе жатқан сұранысты толық қамтамасыз ету мақсатында инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыру бойынша белсенді шаралар қабылдауда. Бұдан бөлек, кездесуде энергетика, ауыл шаруашылығы, мәдениет пен туризм салаларындағы әріптестік те сөз болды. 10 қараша іске қосылған визасыз режим бизнес-серіктестікті нығайтуға, сауда-саттықты жеңілдетуге, өзара инвестиция көлемін арттыруға және туризмнің дамуына ықпал етеді деп көзделуде.