Тасқыннан жапа шеккен адамдарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіру және азаматтарға қажетті көмек қолын созу, сондай-ақ қарғын су басқан аумақтарда эпидемиологиялық жағдайды тәулік бойы қадағалау, көктемгі егіс науқанына дайындық. Қазақстан Президенті Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында қазіргі басты міндеттерді атады. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік материалдық резервтен арнайы техника және басқа да жабдықтар алуға рұқсат етілгенін айтты. Елдің Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің алдында үлкен жұмыстар күтіп тұр. Ведомствоға тұрғын үйлерді, әлеуметтік инфрақұрылымды, коммуналдық шаруашылық нысандарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел топ жасақтау жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет басшысы қазақстандықтарға баспаналарды қалпына келтіру жұмыстарын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік жасалуын жүктеді.
Сондай-ақ Президент жыл соңына дейін су тасқынына қарсы шараларды басқарудың ұзақ мерзімді стратегиясын анықтап, тиісті бағдарламалық құжаттарды қабылдауды тапсырды.