Бүгін Астанада
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Беларусь және Қырғызстан үкімет басшыларымен
кездесті. Президент елімізде өтіп жатқан «Иннопром. Қазақстан» өнеркәсіп
көрмесіне қолдау көрсеткендері үшін ризашылық білдірді. Мемлекет басшысы көрме
тығыз сауда-экономикалық қатынастарымызды тағы бір рет дәлелдеді деп атап өтті.
Сондай-ақ сыртқы тауар айналымының тұрақты өсуі өнеркәсіп, энергетика, машина
жасау, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа да салаларында бірлескен
кәсіпорындар мен ірі жобалар санының артқанынан байқалатынын тілге тиек етті.
Бірінші жартыжылдықта тауар айналым 13%-ті құрады. Қасым-Жомарт Тоқаев
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер ынтымақтастықты айтарлықтай нығайту
үшін мол әлеуетке ие деп қосты.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазақстан
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы
ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті. Бұл Одақ өте перспективті
интеграциялық ұйым деп санаймыз. Одақтың
экономикалық әлеуетінің мүмкіндіктері зор. Қазақстан ЕАЭО-ға мүше
мемлекеттердің бәрі осы жерде 2015 жылы қол қойылған шартты қатаң сақтап, тек экономикалық
интеграция, сауда-саттықты дамыту, өзара тауар алмасу бағытында ғана
елдеріміздің нарығын ашу мәселелерімен айналысуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тиімділігі көлік әлеуетін ашумен тығыз байланысты деп санайды. Осы мақсатта Иранға, Парсы шығанағына және Үндістанға шығуға мүмкіндік беретін Солтүстік – Оңтүстік транзит дәлізінің, Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолының, Батыс Еуропа – Батыс Қытай бағытының мүмкіндіктерін дәйекті түрде дамыту керек. Сонымен қатар президент Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетіне баса мән берді.