Қазақстан Президенті Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас
хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға сапармен келген Бас хатшыға ризашылығын
білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматы қаласында БҰҰ өңірлік
орталығының ашылуы аймақтың стратегиялық маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы бастаманы қолдағаныңыз үшін сізге және сіздің
ұжымыңызға өзімнің, сондай-ақ Қазақстан халқының атынан алғыс айтамын. Сіздің дер
кезінде қолға алған әрі келешекті ойлаған UN80 бастамаңызды жоғары бағалаймын.
Қазақстан ұйымды реформалау жолындағы іс-әрекеттеріңізді толық қолдайды. Осы
ретте еліміздің БҰҰ қызметінің негізінде жатқан мультилатерализм, дипломатия
және ынтымақтастық қағидаттарына әрдайым бейіл екенін тағы да растаймын.
Өз кезегінде Антониу Гутерриш Қазақстанның халықаралық
ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге қосқан
үлесіне ерекше тоқталды.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Қазақстан – бейбітшілік пен диалог символы, халықтар
арасындағы алтын көпір әрі көптеген жағдайда әділ мәмілегер екенін көрсетіп
келеді. Бұған осыдан ондаған жыл бұрын ядролық қарудан бас тарту туралы тарихи
шешім негіз қалады. Бұл шын мәнінде бүкіл әлем үшін өнегелі іс болды.
Өркениеттердің қақтығысы туралы сөз қозғалғанда, Қазақстан өз тәжірибесі арқылы
түрлі діндер және мәдениет өкілдері арасында диалог пен ынтымақтастық орнату
мүмкін екенін дәлелдеді. Бұл сіздің бастамаларыңыздан анық байқалады. Сіздер
әрдайым әлемді ауызбіршілік пен бауырластыққа үндеп келесіздер.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Біріккен Ұлттар
Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстан Үкіметі мен Ұйым арасында
БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі
өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты. Президент
бүгінгі іс шараның Қазақстан ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін де елеулі
сипатқа ие екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде Орталық Азия бірлігі бекем және тату көршілік пен
ортақ прогресс қағидаттарына бейіл өңір екенін паш етіп келеді. Біз халықаралық
өзекті мәселелерді шешуге белсенді араласатын мәмілегер ретінде Орталық Азияның
әлеуетін ашуға және жаһандық аренада конструктивті әрі келешекті көздеген күн
тәртібін дәйекті түрде ілгерілетуге ұмтыламыз. Осы орайда Алматы қаласында БҰҰ
өңірлік орталығын ашу уақтылы және стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам болып
отыр.
Президент орталық аймақтағы елдер экономикасының
орнықтылығы мен қарқынын күшейтуге, өңірлік инновацияны дамытуға және
ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған үйлесімді іс-қимылдар катализаторы
болады деп пайымдайды. Антониу Гутерриш өз кезегінде, аталған орталықты ашу
арқылы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында өңір үшін жаңа кезеңнің
басталғанын айтты.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Аталған Орталық аймақ көшбасшылары арасындағы берік
байланыстардың жан-жақты экономикалық интеграцияға қалай ұласатынын
көрсететіндей әлеуетке ие. Мен Президент Тоқаевтың сарабдал саясаты мен
көшбасшылығын жоғары бағалаймын. Оның бастамалары әлемдік тәртіпте рөлі артып
келе жатқан Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастыруға ықпал етуде.
БҰҰ Бас хатшысы сөзінің соңында Қазақстанның ішкі саяси
бағдары мен сыртқы саясатына жоғары баға берді.

