Бүгін Қазақстан Президенті Жапонияға ресми сапары аясында жетекші компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың басшыларымен кездесулер өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Rakuten Group конгломератының негізін қалаушы Хироши Микитанимен әңгімелесу барысында компанияның әлемдегі ең озық жаһандық цифрлық экожүйе қалыптастыруда қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалады. Еліміз олардың қатерлі ісік ауруларын емдеуге арналған әзірлемелеріне қызығушылық танытады. Мемлекет басшысы компанияның Қазақстандағы қызмет аясын кеңейту ниетін құптады.
Қазақстан Президенті Токио губернаторы Юрико Коикэмен цифрландыру, қаланы орнықты дамыту, шаһарды басқару ісіне инновациялық шешімдерді енгізу салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Токио қаласының Smart city тұжырымдамасы таныстырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Токио губернаторы Юрико Коикэ Қазақстан және Жапония астаналары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Президент Токионың Төтенше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталығын аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Sumitomo ірі сауда-инвестициялық корпорациясының басшысымен көлік логистикасы, энергетика, атом өнеркәсібі, металлургия және геологиялық барлау салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру барысын талқылады. Шинго Уэно «Қазатомөнеркәсіппен» ядролық медицина саласындағы жоба жайында мәлімет берді.
Қазақстан Президенті Жапония металл және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының төрағасы Ичиро Такахаруды қабылдады. Тараптар аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу бағыттарындағы ынтымақтастық әлеуетін талқылады. Сонымен қатар, әңгімелесу барысында ұйымның еліміздегі геологиялық барлау жобаларына қатысу және өкілдік ашу мүмкіндіктері қарастырылды.
Қазақстан Президенті Mitsui компаниясы директорлар кеңесінің төрағасымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Астанада күрделі жөндеу және құрал-жабдықтарды қайта қалпына келтіру бойынша өндірістік кешен құрылысының жоспарын мақұлдады. Өзара қызығушылық танытқан салалар қатарында көлік-логистика, табиғи апаттардың алдын алуға арналған технологияны енгізу бағыттары бар.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасымен кездесуде Астана қаласында техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу туралы шешімін құптады. Хироюки Огава нысан Орталық Азияның ірі хабына айналатынын мәлімдеді. Кездесу барысында маман даярлау мәселесіне баса мән берілді. Компания елімізде операторларға, механиктер мен инженерлерге арналған аймақтық оқыту орталығын ашуға ниетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Hitachi Construction Machinery компаниясының
президенті Масафуми Сэнзакимен кездесу барысында қазақстандық тау-кен кәсіпорындарының компаниямен ынтымақтастығын
кеңейту әлеуеті қаралды. Тараптар цифрландыру, «жасыл» технологияларды енгізу
және дербес көлік жүйесі бірлескен жұмыстың әлеуетті бағыттары бола алады деп
санайды.

