Мемлекет
басшысы жұмыс сапарымен Шымкент
қаласына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайдың жаңа терминалымен
танысты. Оңтүстікте
бірегей авиациялық хаб қалыптастыру өңірдегі әуе қатынасының бағыт санын 17-ден
59-ға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ Еуропа мен Азияның бірқатар еліне рейстер
ашуға мүмкіндік беретіні жөнінде баяндалды. Бұдан кейін Мемлекет басшысы
стратегиялық маңызы зор Батыс Қытай – Батыс Еуропа көлік дәлізіне жақын орналасқан
Almaar Logistics сауда-логистика орталығына барды. Аумағы 24 мың шаршы метрді
құрайтын көп функционалды кешен өнім сақтаудың озық технологиясымен
жабдықталған. Сонымен қатар,
Президент ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап көрді. Қаладағы 50-ге жуық
өңдеуші кәсіпорын былтыр 168,5 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Қасым-Жомарт
Тоқаевқа жылыжай кешендерін салуға Түрік
және Польша кәсіпордары инвестиция құюға ниетті
екені айтылды.
Президент
жаңадан ашылған «Coca-Cola» зауытын да аралап көрді.
Мемлекет басшысы өндіріс барысымен танысқан соң, өңірдің экономикалық өсіміне
серпін беретін ірі инвестициялық жобаларды қолдаудың маңызын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев
«Shymkent City» шағын ауданына жақын маңдағы жаңа саябақта ағаш отырғызды. Алдағы жылдары шаһарда 1 миллион түптен астам
көшет отырғызылады.
Бұдан бөлек, Президентке қытайлық компания ұсынған қоқыс өртеу зауытының жобасы
таныстырылды. Зауыт тәулігіне 1 мың тоннаға дейінгі қатты тұрмыстық қалдықтарды
қайта өңдеп, электр энергиясын өндіре алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы маусым айында пайдалануға берілген
конгресс-холл ғимаратымен танысты. Нысан бұқаралық мәдени іс-шаралар өткізуге
арналған. Мұнда сондай-ақ қолөнершілердің орталығы мен шеберханалары
орналасқан. Мемлекет
басшысы Шымкентте жүзеге асырылып жатқан цифрлық шешімдермен де танысты. Олардың
қатарында бағдаршамдарды интеллектуалдық басқару жүйесі, Avtobys цифрлық
платформасы бар. Қалада жол
қозғалысы мен қоғамдық тәртіпке мониторинг жүргізетін бейнебақылау және
жылдамдығы жоғары интернет жүйесі енгізіліп жатыр.
Президентке
Шымкенттің құрылыс
жоспары таныстырылды. Орталық стадионның, перинаталдық орталықтың және тағы да
басқа әлеуметтік нысандар құрылысының жобалары көрсетілді. Президентке 2035
жылға дейін көпқабатты үйлердің үлесін 60 пайызға жеткізу жоспары жөнінде
баяндалды. Мемлекет басшысы «Ақжайық» шағын ауданындағы тұрғын үй кешенін
арнайы барып көрді. Мұнда жыл соңына дейін 35 тұрғын үй кешені бой көтермек.

