Астанада қазақ-түрік бизнес-форумы өтті

Астанада қазақ-түрік бизнес-форумы өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты. Мемлекет басшысы Қазақстанда түрік компанияларына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды. Қазір елімізде түрік капиталы бар 4 мыңға жуық кәсіпорын табысты қызмет етіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Инвестициялық көрсеткішті арттыру үшін өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты тереңдету маңызды екенін айтты. Бұл ретте Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясы айрықша рөл атқаруға тиіс. Ол бизнеске қолайлы жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі ретінде атады. Елімізде Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. Арнайы Инвестициялық штаб жұмыс істеп тұр. «Бір терезе» қағидатына сай қызмет көрсететін Ұлттық цифрлық платформа іске қосылды. Сондай-ақ Altyn Visa инвесторларға салық және көші-қон жеңілдіктерін ұсынады. «Астана» халықаралық қаржы орталығы бизнес үшін үлкен мүмкіндіктер ашады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


– Астана қаржы орталығы мен «Борса Ыстанбұл» биржасының арасындағы серіктестік нығаюда. Қазақстан түрік бизнесімен байланысты кеңейте беруге мүдделі. Біздің білуімізше, Түркияда Президент Режеп Тайип Ердоғанның бастамасымен ұлттық экономикаға ауқымды инвестиция тарту үшін нақты шаралар қабылданатын болды. Лайықты кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдік пен артықшылықтар беріледі екен. Біз бұл бастаманы міндетті түрде сараптаймыз, қажетті тұстарын пайдалануға тырысамыз.


Президент осы кезге дейін қазақ-түрік іскерлік топтарының бірлескен күш-жігерінің арқасында жалпы құны 7,6 млрд долларға тең 140-тан астам жоба жүзеге астқанын атап өтті. Әлеует бұдан да жоғары. Әріптестікті жандандыру үшін АӨК, медицина, фармацевтика, көлік және логистика басым бағыттар болуы мүмкін. Осы орайда, Транскаспий бағыты, яғни Орта дәліздің маңызы зор. Соңғы жылдары осы дәліз арқылы өткен жүк көлемі 5 еседен астам өсті. Былтыр контейнерлік жүк тасымалы 36% көбейді.  


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


– Жалпы, Орта дәліздің мүмкіндігін арттыру баршамыздың мүддемізге сай келеді. Сондықтан түрік тарапына «e-permit» жобасын бірге жүзеге асыруды ұсынамыз. Бұл жоба жүк рәсімдерін электронды түрде, яғни, мейлінше ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әкімшілік шығындарды азайтады. «Орта дәліз» жобасын «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы» бастамасымен ұштастыру маңызды деп санаймын.

Бұдан бөлек, біздің еліміз түрік компанияларымен жасанды интеллект, финтех, киберқауіпсіздік, онлайн қызмет салаларында нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайын. Түркия Президенті қазақ және түрік кәсіпкерлерінің үлес қосуының арқасында Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынас нығайып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Сондай-ақ былтыр қазақ елі түркі әлеміндегі ең ірі сауда-экономикалық серіктеске айналғанын айтты.  Алдағы мақсат тауар айналымын 15 миллиард долларлық межеге жеткізу.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?