Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің
жалпы экономикалық әлеуеті – 2,6 триллион доллар. Өткен жылы өзара сауда
айналымы 98 миллиард долларға жетті. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен шамамен екі
есе көп. Минск
қаласында өткен Еуразиялық экономикалық форумның
пленарлық сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқавев
осылай деді. Бүгінде
ұйымның халықаралық беделі артты. Жаһандық
экономика жүйесіндегі маңызды субъектіге айналып келеді. Енді қалаған нәтижеге жету үшін өзара ымыраға келіп, бірлесе жұмыс
істеу керек. Заманауи сын-қатерлер экономиканы өркендетуде жаңа тәсілдерге жүгінуді
талап етеді. Бұл ретте цифрлық технологиялар маңызды рөл атқарады, - деді
Президент. Дүние жүзінде жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік күшейіп
келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Әрине, кез келген технологиялық революция
сияқты жасанды интеллектінің де қатері жоқ емес. Технологияға қолжетімділік
теңсіздігі, дәстүрлі жұмыс орындарының қысқаруы, цифрлық дербестіктің шектелуі,
жаһандық цифрлық монополияға тәуелділік секілді қауіптер бар. Яғни дамуы жоғары
деңгейдегі елдердің үркердей тобы осы үдерісте көш бастап, әлемнің басқа бөлігі
соңында қалуы мүмкін. Менің ойымша, ЕАЭО бұл процестің алдыңғы шебінде болуға
тиіс, тым болмаса артта қалып қоймауымыз керек».
Президент Қазақстанның келесі жылғы Жоғары
Еуразиялық экономикалық кеңеске төрағалығы аясында жиындардың бірін жасанды
интеллектінің дамуына арнауды ұсынды. Маңызды
саладағы әлеуетті нығайту үшін елімізде атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Қазақстан жақында
есептеу қуаты жоғары суперкомпьютерді іске қосады. Жасанды интеллектіні дамыту
жөніндегі кеңес те құрылды. Салалық заң қабылдау жоспарланып
отыр. Жаңа буын мамандарын даярлау мақсатында
халықаралық білім ошақтары және ғылыми орталықтармен
серіктестікке айрықша мән беріледі. Бұл
ретте Президент елімізде Мәскеу инженерлік-физикалық
институтының филиалын ашуға қолдау көрсеткені үшін Ресей басшылығына
ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Биыл Астанада Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Бұдан бөлек, біз жаңа тұрпатты CryptoCity эксперименталдық аймағын құруға кірістік. Бұл криптовалюта саласындағы әлемдік сарапшылар бас қосатын орталыққа айналмақ. Пилоттық жобада біз цифрлық активтерді кеңінен қолдануға байланысты құқықтық және технологиялық шешімдерді сынақтан өткіземіз. Жалпы, Қазақстан ынтымақтастыққа ашық. ЕАЭО-ға мүше елдерді инновациялық кластерлерді, технопарктер мен стартап-инкубаторларды бірлесе іске қосуға шақырамыз. Ондағы ғылыми ізденістер мен технологиялар кейін табысты коммерциялық жобаға айналуы мүмкін».
Озық цифрлық технологиялар өзара
сауда-экономикалық ынтымақтастыққа тың
серпін береді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірі осындай. Бұл
бағытта мүмкіндік зор. Бастысы
одаққа мүше елдер прагматикалық
тұрғыдан жедел әрекет еткені жөн. Ал, Қазақстан экономикалық интеграцияны одан әрі дамытуға ниетті.
Тиімді, ашық әрі өркендеген Еуразиялық экономикалық одақ құру жолында жоспарлы
түрде бірге жұмыс істеуге әзірміз, – деді Президент.

