Қазақстан Президенті Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Щучинск қаласындағы бірқатар әлеуметтік және спорттық нысанды аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа экосаябақ таныстырылды. Таяуда жаңғыртылған қоғамдық кеңістікте тұрғындардың серуендеп, спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Президент жергілікті жас домбырашылардың өнерін тамашалады. Ұлттық домбыра күніне әзірленіп жатқан өнерпаздар бірнеше күй орындап берді.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Burabay Arena спорт сарайына барды. Кешендегі
үстел теннисі, бассейн, және жаттығу залдарын аралап көрді. Мұнда спорттың 6
түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Президентке өңірдегі спорт және туризм
салаларының даму барысы жөнінде баяндалды. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің
танымал спортшыларымен әңгімелесті. Атлеттер отандық спортқа жан-жақты қолдау
көрсеткені үшін Президентке алғыс айтты.

