Қазақстан атом энергетикасында өңірлік көшбасшы бола алады. Бұған республиканың барлық мүмкіндігі бар. Ядролық реакторлар мен
зерттеу қондырғыларын пайдаланудың мол тәжірибесі жинақталған. Сонымен қатар, техникалық
мүмкіндіктер ядролық отын өндірісін арттыруға мүмкіндік береді. Еліміз уран
өндірісі бойынша көшбасшы орынға ие. Бұл ретте сарапшылардың пікірінше,
республиканың барлық өңірінде энергия ресурстарына сұраныстың ұдайы өсуін ескере отырып, Қазақстанда
Атом электр станциясын салу - ең ұтымды шешімдердің бірі. Орталық Азиядағы ядролық энергетиканы дамыту перспективаларын сала
өкілдері Астанадағы арнайы конференцияда талқылады. Кездесуге қатысушылар жасыл
энергетиканы дамытудағы елеулі жетістіктерге қарамастан, өңір мұнай, табиғи газ және көмірге тәуелді болып отыр дейді. Мамандардың айтуынша,
атом энергетикасы сияқты жаңа технологияларды енгізу Орталық Азия
республикаларының экономикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға және
экологиялық сын-қатерлерді шешуге мүмкіндік береді.
Бауыржан Ибраев, NNWI
Central Asia Kazakhstan консультативтік кеңесінің төрағасы:
- Орталық Азия елдерінің ішінде, бәлкім, тек Тәжікстанға ғана атом энергетикасын дамытудың қажеті жоқ шығар. Қалған барлық Орталық Азия елдері, мысалы Қырғызстан бүгінде Ресеймен меморандумға қол қойды. Өзбекстан АЭС салу бойынша жұмысты бастады. Орталық Азия үшін энергиямен қамтамасыз ету мәселесі өте маңызды, өйткені сіздер сумен, желмен байланысты өте үлкен мәселелер туындап отырғанын көріп отырсыздар. Біз маман ретінде базалық генерация атом генерациясы түрінде қажет деп есептейміз.